СҚО-да қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 400-ден астам қылмыс ашылды
СҚО-да қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 400-ден астам қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен ашылған қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық. Сонымен қатар, есірткімен заңсыз айналысудың 30 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 187 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 186 келі марихуана, қалғандары – синтетикалық есірткі мен гашиш.
Айта кететін жайт, СҚО Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында полицияның төртаяқты алты көмекшісі есірткіні іздестірумен айналысады. Полиция қызметкері Болат Бекмағамбетовтің үйретіп жүрген бес жылдық тәжірибесі бар Белла лақап атты лабрадор биыл жұмыс барысында бірнеше рет көзге түскен. Мамыр айында түнде Хименко көшесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілдердің назарына қала тұрғындарының бірі іліккен. Жедел-іздестіру шаралары барысында ит оның үйінен 0,7 грамм синтетикалық «тұз» тапқан.
СҚО Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев нақтылағандай, орталықта із алу жұмыстарына 5 ит үйретілген, үшеуі жарылғыш заттарды іздеумен айналысады. Тағы үшеуі одорология (қылмыс орнынан иіс іздерін табу және алу) желісі бойынша зертхана жағдайында қызмет етуге дайындалған.
Айта кететіні, солтүстікқазақстандық полиция бөліністерінде 50 қызметтік-іздестіру иті бар. СҚО Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының базасында – 24 ит, Петропавл қаласы ПБ – 5, ал қалғандары аудандық полиция бөлімдерінде. Олар неміс, бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар, спаниельдер мен ротвейлерлер.