СҚО-да синтетикалық есірткілерді жеткізу арнасының жолы кесілді
СҚО-да синтетикалық есірткілерді жеткізу арнасының жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Солтүстік Қазақстан облысында ауыр және аса ауыр қылмыстар санының тіркелуі 27,6%-ға төмендеді. Бұл сан 9 ақпан күні облыстық полиция департаментінде қаңтар айының қорытындысы бойынша өткен жедел кеңесте айтылды. Кеңестің күн тәртібінде тергеу және жедел жұмыс, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, полиция қызметкерлерінің дене шынықтыру және әлеуметтік-құқықтық дайындығы қаралды.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов осы сұрақтарды шешу жолдары мен проблемалық сәттерін қарауға баса назар аударды. Интернет-алаяқтық фактілерінің (қаңтар айының қорытындысы бойынша 3,2%-ға) өсуі, синтетикалық есірткілердің таралуы да маңызды сұрақтардың қатарында. СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында Петропавл қаласының полиция басқармасында желілік қылмыстарды тергеу және ашу жөніндегі “Киберпол” мамандандырылған жедел-тергеу тобы құрылғанын атап өтті. Қалалық бөліністің басшылығына аталған топқа қолдау көрсетіп, осы жобаны іске асыру тапсырылды.
Есірткі қылмысымен күрес те маңызды тақырыптың бірі болды. СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди еліміздің басқа өңірлерімен бірлесіп жүргізілетін іс-қимылдың нәтижелері туралы айтты. Мәселен, қаңтар айында солтүстікқазақстандық полицейлердің бастамасымен Астана қаласындағы әріптестермен бірлесіп, Петропавл қаласына синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолы кесілді. Аталған факті бойынша облыс орталығында 200 грамнан астам және ел астанасы аумағында 700 грамнан астам психотроптық заттар тәркіленді. Сондай-ақ осы жылдың алғашқы айында облыс полицейлері есірткімен байланысты мазмұндағы веб-ресурстарды бұғаттау үшін ҚР Индустрия және инфрқұрылымдық даму министрлігіне 31 сілтеме жіберген. Жастар үшін 42 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оларға 3 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарының маңыздылығын полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов та атап кетті. Бұл ретте ол аталған бөлініске облыс әкімі жанындағы ведомствоаралық комиссия деңгейінде проблемалық сұрақтарды шешу үшін мүдделі органдармен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
Бұдан бөлек, әр бөлініске жұмыстың тиімділігін арттыруға және жеке құрамның жалпы тәртібін нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.