Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да үш жол-көлік оқиғасы тіркелді

СҚО-да үш жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккендер бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілерді аса сақ болуға шақырады. 3 қаңтар күні көлік қозғалысы қарқынды Астана – Петропавл трассасында 3 жол-көлік оқиғасы болды, салдарынан зардап шеккендер бар.Таңертең Тайынша ауданы Кременчуг ауылының маңындағы автожолдың 373-шақырымында 38 жастағы астаналықтың басқаруындағы Hyundai Elantra мен Ақжар ауданының 30 жастағы тұрғыны басқарған Kiа Rio автокөлігі соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Hyundai автокөлігінің 37 жастағы жолаушысы медициналық көмекке жүгінді.

Түс кезінде Қызылжар ауданының аудан орталығы Бескөлдің маңындағы жолдың 473 шақырымында Петропавл қаласының 28 және 62 жастағы тұрғындары басқарған Audi-80 және Renault Duster автокөліктері соқтығысты. Соққы алған Renault көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы медициналық мекемеге жүгінді.

Кешке Рощинское ауылы маңындағы 405-шақырымында елорданың тағы бір 38 жастағы тұрғыны Toyota Alphard көлігінің аударылуына жол берген. Төрт жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, 9 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды.

– Барлық жағдайда да жүргізушілер мас болмаған. Жол қозғалысы қатысушыларын ауыспалы ауа райы кезінде аса сақ болуға шақырамыз. Жолдағы апаттылықты төмендету мақсатында СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала сыртындағы жолдарда Жол жүрісі ережелерінің сақталуына қатысты жұмыс жүргізеді. Жаңа жылдық демалыс күндері кезеңінде аталған жұмыс күшейтілген режимде жүргізілді, 1-2 қаңтарда жол-көлік оқиғаларына жол берілген жоқ. Бұл ретте көлік жүргізушілері жауын-шашын жолдағы қозғалысты көруге, маневр жасауға кедергі келтіретінін атап өткен жөн. Жылдамдық режимін қатаң сақтап, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулеріне назар аударыңыздар, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру