Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жол-көлік оқиғасы нәтижесінде автокөлік өртеніп кетті

СҚО-да жол-көлік оқиғасы нәтижесінде автокөлік өртеніп кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында 5 айда республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда өткен 26 жол-көлік оқиғасы орын алды. Олардың бірінің нәтижесінде автокөлік өртеніп, жүргізуші мен төрт жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы Тайынша ауданында мамыр айының соңында болды. 22 жастағы жүргізуші келе жатқан көлікті басып озбақ болғанда көлік тізгініне ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, аударылып қалады. Автокөлік өртеніп, толығымен жанып кетті. Сондай-ақ, мамыр айының соңғы күндері Аққайың ауданында Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғыны да бұрылыста тізгінге ие бола алмай, аударылып қалды. Ол алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды. 8 маусым күні Қызылжар ауданында Челябі-Новосібір автожолында Toyota Corolla және ВАЗ 2114 автокөліктері соқтығысты.


Әдетте, жаз маусымының және азаматтардың еңбек демалысы кезеңінің басталуымен жолдарда көлік саны артады. Осыған байланысты полицейлер жол үстінде сақ болуға, алыс жолға шығарда қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға, Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.

– Жол жүрісі қағидаларын елемеу осындай жағдайларға алып келуі мүмкін. Әр маневр ерекше сақтықпен жасалуы қажет. Алда келе жатқан көлікті басып озу кезінде маневрдің қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп алған жөн. Сондай-ақ, жол үстінде қаңғып жүрген жануарларға да мән беру керек. Өйткені олар кенеттен шыға келуі мүмкін. Жүргізушілерден жол үстінде сақ болуларын, Жол жүрісі қағидаларын сақтауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

СҚО жолдарында бес айда жылдамдық режимін сақтамау салдарынан 7 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам қаза тауып, 8 адам жарақаттар алды. 15 жол-көлік оқиғасында жүргізушілер маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбеген. Бұнда 5 адам көз жұмып, 26 адам жарақаттанды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру