Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жүріп-тұруы қиын ауыл тұрғыны су тасқыны кезінде көмектескен полицейлерге алғыс айтты

СҚО-да жүріп-тұруы қиын ауыл тұрғыны су тасқыны кезінде көмектескен полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданында кей ауылдар әлі де судың қоршауында. Жолдарды да су басқан. Дегенмен, бірқатар елді мекендердің тұрғындары үйлеріне оралып жатыр.

Соколовка ауылының тұрғыны Раиса Москвина телефон арқылы хабарласып, полиция қызметкерлерінің жұмысына алғысын айтты.

– Мен екінші топтағы мүгедекпін. Жүріп-тұруым қиын. Мені ауылдан шығарып алып, қажетті мекенжайға жеткізу үшін олар арнайы көлік шақыртты. Мен де басқалар сияқты үйімді қалдырғым келмеді. Полиция қызметкерлері ауылда қалатындықтарын және барлық дүние-мүлкімнің күзетке алынатынын айтты. Олар айтқандай барлығы орнында болып шықты. Поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері мен олардың бастығы Эльдар Аллахверановқа, сондай-ақ оларға жетекшілік етіп, бізбен үнемі байланыста болған аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамовқа алғысым шексіз, – дейді тұрғын.

Бүгінгі таңда Қызылжар ауданында 2,5 мыңға жуық адам үйлеріне оралды. Бұл – эвакуацияланған адамдардың тек төрттен бірі ғана. Полиция қызметкерлері су басқан аймақтарды тәулік бойы күзетуде, тұрғындармен кездесіп, әр адаммен әңгімелеседі. Олардың мақсаты – жергілікті тұрғындардың мүлкін қорғау, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру