СҚО-дағы полицейлер мен студенттердің өзекті диалогы
Солтүстік Қазақстан облысында полиция департаментінің қызметкерлері Kozybayev University студенттерімен кездесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты маңызды ұсыныстарымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға барлық курстардан 300-ден астам студент қатысып, зал толы болды. Полицейлер жастарға экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жайлы ақпарат беріп, интернет-алаяқтыққа қарсы сақтық шараларына ерекше назар аударды.
Бұл кездесудің бастамашылары – университеттің психологиялық қызметі. Кездесу барысында ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл және криминалдық полиция басқармаларының офицерлері, адвокат Елена Игнатенко және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ақерке Абылайхан сөз сөйледі.
Спикерлер қазіргі заманның қауіптері – терроризм, кибер алаяқтық, лудомания және басқа да мәселелер туралы кеңінен сөз қозғады. ПД жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, кей жағдайларда алаяқтар бейнеқоңырау арқылы адамдармен байланысқа шығып, биометриялық мәліметтерді жинау мақсатында олардың бет-әлпетінің скриншотын алуға тырысады. Бұл деректер несиелер рәсімдеу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Кездесуге қатысушылар EGOV порталында банктік несиелер мен микрокредиттер алудан бас тартуды белсендірудің тиімділігіне тоқталып, өңір үшін маңызды бірқатар профилактикалық шараларды талқылады.