СҚО-ның 46 жастағы тұрғыны алғаш рет жеке куәлігін алды
СҚО-ның 46 жастағы тұрғыны алғаш рет жеке куәлігін алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданының пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері полиция бөлімінің көші-қон қызметімен бірлесе отырып, сотталған азаматқа жеке куәлік алуға көмектесті. Инспекторлар тұрғылықты жері бойынша құжаттау және тіркеу бойынша жұмыс жүргізіп, нәтижесінде сотталған көптен күткен құжатын алды.
Есепте тұрған азаматтың туу туралы куәлігі мен басқа да маңызды құжаттары бала кезінде жоғалып кеткен екен. Осыған байланысты құжаттарды рәсімдеу қиынға соққан. Енді бұл азаматтың барлық мемлекеттік қызметтерді толық пайдалануға, жұмысқа орналасуға, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік көмекке жүгінуге мүмкіндігі бар.
– Құжаттарды алуға көмектескен пробация қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Инспекторлар менің өтінішіме жедел жауап берді және барлық рәсімдер тез өтті. Енді ресми түрде жұмысқа орналасып, анама көмектесіп, өз елінің азаматы ретінде жаңа өмір бастай алатыныма өте қуаныштымын, – деп бөлісті сотталған.