Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейі “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” атты республикалық акцияға қатысты

Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы полицейі “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” атты республикалық акцияға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” атты патриоттық акция өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, түрлі ұлт өкілдерінің полиция қызметкерлері шақырылды. Солтүстік Қазақстан атынан 22 жастағы полиция кіші сержанты Илья Масенко қатысты. Ол ішкі істер органдарына өткен жылдың қаңтар айында келген. Петропавл қаласы Полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторында жұмыс істейді. Оған қазақ тілін әкесі, запастағы полиция майоры, учаскелік полиция инспекторы қызметінен зейнеткерлікке шыққан Петр Масенко үйретті. Петр Григорьевичтің өзі қазақ тілді ортада өсті – баласына бала кезінен мемлекеттік тілде сөйлеуді, ойын жеткізуді үйретті.

Илья мектепте, колледж қабырғасында оқып жүргенде түрлі іс-шараларға белсене қатысқаны, қазақ күресі тобындағы жолдастары, әскер – осының бәрі жас орыс жігітінің өз елінің тілін білуіне септігін тигізді.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазинаның айтуынша, қазір ол әріптестерімен оңай тіл табысып, құжаттамамен жұмыс жүргізуде. Жұмыс орнына байланысты ол халықпен байланысқа түсе қоймайды, бірақ кей кездері оған жүгінеді – полиция қызметкерін көргенде олар мәселелерін айта бастайды. Бір күні Ильяны тек қазақша сөйлейтін әжей тоқтатқан. Оның туысы уақытша ұстау изоляторында болғандықтан, оған беретін заттарын қалай беруге болатыны білгісі келген. Илья онымен сөйлесіп, қайда бару керектігін түсіндіріп, есесіне қарияның ризашылығын алған: “Рақмет, балам…”.

Бірақ ол өзінің қазақ тілін жеткілікті білемін деп санамайды.

– Мен білімімді тереңдету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамын, әсіресе әдеби тілді жетілдіргім келеді. Мен қазір Тахауи Ахтановтың Мәскеу үшін шайқас туралы “Қаһарлы күндер” кітабын ықыласпен оқып жатырмын. Тамаша кітап, автордың үйлесімді тілі сөйлеу дағдыларын жақсартуға көмектеседі. “Татулық – тәуелсіздік тірегі” акциясы сияқты іс-шаралар шабыттандырады және одан әрі жетілдіруге ынталандырады. Қазақстан полициясының 30 жылдығын атап өткелі отырғанда, осы іс-шараға қатысу мүмкіндігі болғанын мақтан тұтамын, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру