Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері алимент төлемеген және борышкер болған 18 адамды анықтады

СҚО полицейлері алимент төлемеген және борышкер болған 18 адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасында алимент төлемеушілерді, борышкерлерді іздестіру бойынша өткізілген үш күндік акция қорытындыланды.

СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ермек Нұсырбаевтың айтуынша, борышкердің немесе алимент толемеушінің мекенжайы белгілі болмаған жағдайда жеке сот орындаушылары іздестіру туралы қаулымен полицияға жүгінеді.

Аталған санаттағы тұлғаларды іздестіру міндеті жүктелген Көші-қон қызметі іздеудегіні барлық есептер бойынша тексеріп, жақын туыстарын және оның жүрген жерін білуі мүмкін басқа да тұлғаларды анықтайды. Іздеудегі анықталған жағдайда, полицейлер материал жинастырып, іздеудегіні жеке сот орындаушыларына бару қажеттігі туралы ескертеді.

Іздестіру ісі шеңберінде мәлімет ақпараттық жүйеге енгізіледі, бұдан бөлек іздеу парақтары мен іздестіру тапсырмалары іздеудегі адам жүруі мүмкін өңірге жіберіледі.

– Мәселен, акцияның алғашқы күнінде Алматы қаласында патрульде жүрген қызметкерлер 34 жастағы ер адамның құжаттарын тексерген. Нәтижесінде аталған азамат ІІМ базасына сәйкес солтүстікқазақстандық полицейлермен алимент төлемей жүргені үшін іздестіріліп жатқаны анықталды. Бұл ақпаратты алматылық сақшылар бізге жіберді, – дейді Ермек Нұсырбаев.

Акцияның үш күнінде көші-қон қызметінің қызметкерлерімен 18 іздеудегі адам, оның төртеуі – борышкер, 10 – алимент төлемеуші және туыстық байланыстарын жоғалтқан 4 адам анықталды.
Жыл басынан солтүстікқазақстандық көші-қон қызметінің іздеуінде 100 адам болған. Оның 34-і борышкер, 44 – алимент төлемеуші, қалғандары – байланыс қатынастарын жоғалтқан адамдар. Қазіргі уақытта 100 іздеудегі адамнан 43-і табылды. Алимент төлемеушілерді және борышкерлерді іздестіру бойынша акция СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметімен әр тоқсан сайын бір рет өткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру