СҚО полицейлері діни заттарды сатқан тіркелмеген интернет-дүкеннің қызметін тоқтатты
СҚО полицейлері діни заттарды сатқан тіркелмеген интернет-дүкеннің қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бөліністерінің қызметкерлері дін саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Шілде және тамыз айларында «Жаңа жол» шекара бекетінде полицейлер мен шекарашылар ҚР аумағына тыйым салынған әдебиеттерді алып өту әрекеттерінің жолын кесті. Қазақстанға келген РФ азаматтарынан діни мазмұндағы кітаптар тәркіленді. Сот шешімдерімен олар экстремистік материалдар деп танылып, ҚР аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453-бабының талаптарына сәйкес, тәртіп бұзушыларға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, тамыз айында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында діни заттарды сататын «интернет-дүкен» анықталды. Сот шешімімен оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
– Діни материалдарды тарату үшін жергілікті атқарушы органнан тиісті қаулы қажет. Қаулыны «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру» мемлекеттік қызметі бойынша қағаз және электрондық форматта алуға болады. Ол үшін қызмет алушыларға СҚО әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасына жүгіну қажет. Сондай-ақ, Петропавлдағы 8 (7152) 70-57-82 телефонына қоңырау шалуға болады — мамандар консультациялық көмек көрсетеді. Қазақстандықтар мен ел қонақтарын дін саласындағы қызметті реттейтін заңнаманы сақтауды сұраймыз, — деп атап өтті СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.
Жыл басынан бері облыста діни заңнама саласында 18 құқық бұзушылық анықталды.