Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

 СҚО полицейлері мектеп автобусын мас күйде басқарған жүргізушіні анықтады

СҚО полицейлері мектеп автобусын мас күйде басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері “Автобус” жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды. Ол 22-25 қаңтар аралығында жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру, қоғамдық көліктердегі апаттылықты азайту, жолаушылар мен багажды тасымалдауды ретке келтіру үшін өткізілді.

ЖПІШ басты назарында – мектеп оқушыларын тасымалдау кезіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ақжар ауданында тәртіп сақшылары аялдау кезінде 10 және 12 жастағы екі оқушы, сондай-ақ мұғалім тұрған мектеп автобусын тексерді. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрды. Медициналық куәландыру оның мас күйде екенін көрсетті.

Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша материал жиналды. Сот шешімімен 45 жастағы жүргізуші 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, 7 жылға басқару құқығынан айырылды.

– Облыста ЖПІШ кезінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан барлығы 284 түрлі бұзушылықтар анықталды. Ең жиі кездесетіні – маневр жасау ережелерін бұзу және көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу, сәйкесінше 47 және 45 факт. Сонымен қатар 25 жүргізуші техникалық тексеруден өтпеген көлік құралдарында маршруттарға қызмет көрсеткен. Мас күйінде екі жүргізуші жолаушылар көлігін басқарды. Қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігін нығайту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру