Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері үздік жедел уәкілді таңдады

СҚО полицейлері үздік жедел уәкілді таңдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері үздік жедел уәкілді таңдады. Бірқатар қызметкерлердің арасында СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Асылбек Аяғанов үздік шықты.

Асылбек – Тәуелсіздіктің құрдасы, 2015 жылдан жедел уәкіл қызметінде. Тек биылғы жылдың өзінде жеке өзі Петропавл қаласының пәтерлерінде жасалған сегіз ауыр ұрлықты, көлік айдап әкетудің үш фактісін, онша ауыр емес және ауырлығы орташа 18 қылмысты ашты. Шілде айында пәтер ұрлықтарымен айналысқан қылмыстық топты құрықтау бойынша жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларына қатысты.

– Осы мамандықты таңдауға ағаларым түрткі болды, – дейді Асылбек. – Отбасымызда бес баламыз. Жігіттердің барлығы өмірлерін полициямен байланыстырды. Үлкен ағам Мұратбек, туған өлкем Есіл ауданындағы полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы. Бірімжан сол бөлімде кезекші бөлімнің аға инспекторы лауазымында. Қылмыстық іздестіру саласы мен үшін ерекше қызмет. Өйткені жедел уәкілдер қылмыспен күресте үнемі алғы шепте. Байқауға қатысуым кәсіби маман болып қалыптасуыма ерекше серпін берді.

Байқауға қатысқан тоғыз үміткердің арасында Асылбектің тестілеудегі көрсеткіші, арнайы жауынгерлік әдіс-тәсілдерді меңгеруі жоғары деңгейде болды. Ол дене және атыс дайындығында бірінші орынды иеленді. Байқаудың соңғы кезеңі ҚР ІІМ Алматы академиясында өтті. Мұнда еліміздің барлық өңірлерінде аймақтық кезеңнен үздік шыққан жеңімпаздар жиналды. Мұнда Асылбек ҚР Ішкі істер министрінің қолынан алғыс хат алды.

– Кәсіби байқау өткізу – криминалдық полиция қызметкерлерінің арасында дәстүрге айналды, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев. – Байқауға қызмет атқару барысында үздік көрсеткіштері бар қызметкерлер жіберіледі. Қызметтің сайыскерлік сипатында ұйымдастырылуы қызметкерлер үшін ерекше ынталандыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру