Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жас қайың мен көктеректі заңсыз кескен азаматтарды анықтады

СҚО полицейлері жас қайың мен көктеректі заңсыз кескен азаматтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шал ақын ауданы полиция бөлімі табиғатты қорғау тобының қызметкерлері рейд барысында орман ішінде Audi-80 автокөлігінің тіркемесіне жаңадан кесілген ағаштарды тиеп жатқан екі ер адамды байқап қалды. Олар 9 жас көктеректі және 6 жас қайыңды Жаңажол ауылына апаратын жолдағы бұрылыста орналасқан орман алқабында кесіп алған. Тексеру кезінде 52 жастағы жергілікті тұрғынның ағаштарды рұқсат қағаздарынсыз кесіп алғаны анықталды.

Ер адамның айтуынша, оған құрылыс материалдары қажет болған. Ағаштардың орман қорына кіретіндігін және кесу үшін рұқсат алу керек екендігін ол білмеген. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша материал жиналды.

– Айта кету қажет, ағаштарды заңды түрде кесіп алуға да болады. Бұл үшін орман шаруашылығына жүгініп, орман қорына кіретін ағаштарды кесуге тиісті рұқсат қағазды алуға болады. Бұдан бөлек, табиғатқа 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын шығын келтірілген жағдайда ағаштарды заңсыз кесу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Облыс тұрғындарынан табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді аудандық ПБ бастығы Руслан Мұхамбетжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру