СҚО полицейлері жыл басынан бері 39 адамның азаматтығын анықтады
СҚО полицейлері жыл басынан бері 39 адамның азаматтығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айыртау ауданының 44 жастағы тұрғыны жеке куәлігін алғаш рет алды. Құжатын көші-қон қызметінің қызметкері мен учаскелік инспектор әкеліп берген. Енді ол қажетті емін, әлеуметтік қызметтерді ала алады. Әйел өзінің құқықтық мәртебесін уақтылы реттеген жағдайда, мұндай мәселе туындамас еді. Алайда әйелдің айтуынша, осы күнге дейін оған жеке құжаттары қажет болмаған. Ауылдық орта мектепті аяқтаған соң, еш жерде оқымаған, ұзақ уақыт Ақмола облысында тұрып, кездейсоқ нәпақамен күнін көріп келген. Туған ауылына келгеніне көп болмапты. Адамның құжатсыз тұру фактісін учаскелік полиция инспекторы маусым айында үй-үйді аралау кезінде анықтаған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері оны ҚР азаматы деп тану және құжаттарды ресімдеу бойынша шаралар қабылдады.
СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсырбаевтың айтуынша, жеке басын куәландыратын құжатсыз тұратын адамдарды анықтау жұмысын қызметкерлер учаскелік инспекторлармен бірге тұрақты негізде жүргізеді.
Жыл басынан бері 39 адамның азаматтығы анықталды. Олардың барлығы ҚР азаматтары деп танылды. Олардың 22-сі 18 жасқа толғаннан кейін жеке құжаттарын уақтылы алмаған, қалғандары 1974 жылғы үлгідегі паспорттарымен тұрған.