Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО Полиция департаментіндегі мемлекеттік тіл мәселесі

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде айтулы мерекеге орай іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаштың ардақты ұлы, ақын, ұстаз, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқы тілдері мерекесі жыл сайын тойлануда. Мереке елімізде тұратын барша ұлт өкілдерінің мерекесі. Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде айтулы мерекеге орай іс-шара ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру, ішкі істер органдарының имиджін көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев мемлекеттік тілдің дамуына үлкен көңіл бөлуде. Оның сөзінше, полиция халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын мекеме болғандықтан қызметкерлердің халықпен мемлекеттік тілде тілдесуі шарт. Департамент қабырғасында қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, оны қастерлеп, тілдің тұғырлы болуына атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама. Полиция департаментінде 20-ға жуық ұлт өкілі қызмет етеді. Барлығының мақсаты бір – адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау.

Бүгінгі таңда Департаментте 47 топта мемлекеттік тілді оқыту сабақтары жүргізіледі. Оқу жылының соңында қызметкерлердің білімдерін бекіту үшін емтихан қабылданып, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырып, ұдайы түрде ашық сабақтар, сайыстар өткізіліп тұрады.

Мереке қарсаңында күнделікті қызмет бабында мемлекеттік тілде өз ойларын жеткізе білетін өзге ұлт өкілдерінің жұмыс сәттерінен бейнеролик дайындалды. Жыл сайын мерекеде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады.

Департамент облыс көлемінде өтетін іс-шараларды назардан тыс қалдырмайды. Ведомствода Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Департамент медиастудиясында қызметкерлердің балалары Абай шығармаларын жатқа оқыған бейнежазбалар, Қазақстан халық бірлігі мерекесіне орай, өзге ұлты өкілдерінен құралған полицейлер тобының бейнеролик түріндегі мемлекеттік тілдегі құттықтауы әлеуметтік желілерге жарияланды.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, бүгін қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, ана тілімізді қастерлеу баршамыздың парызымыз. Осы орайда, Департаментімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін, маңызын арттыруға бағытталған іс-шаралар жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру