Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО Полиция департаментінің бастығы қала тұрғындарын қабылдады

СҚО Полиция департаментінің бастығы учаскелік полиция пункттерінде қала тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев Петропавл қ. Жұмысшы кентінде орналасқан №5 учаскелік полиция пунктінде азаматтарды қабылдады. Облыстық полиция басшысы қаланың шеткі ауданында алдын ала жазылусыз жеке қабылдауды өткізетіні туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Қабылдау туралы хабарландырулар халық көп жүретін орындарға орналастырылды. Шеткі ықшам ауданның тұрғындары белгіленген уақытта Украинская, 224 мекенжайындағы учаскелік полиция пунктіне полиция басшысымен кездесуге келді. Азаматтар санитарлық нормаларды сақтай отыра Марат Төлебаевқа көкейкесті сауалдарымен жүгінді.

Украинская-Караванная көшелерінің қиылысында бағдаршамды орнату, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық тәртіп ережелерін сақтау, көп қабатты үйлердің аулаларында бейне бақылау камераларын орнату – Жұмысшы кентінің тұрғындары негізінен ықшам ауданды абаттандыруға қатысты сұрақтарды қойды. Марат Төлебаев әр сауалды талдап, Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықовқа мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеуді, мүдделі ведомстволарға ұсыныс хаттарды жолдауды, қажет болған жағдайда камераларды орнату тәртібін түсіндіру бойынша халықпен жиналыс өткізуді тапсырды.

Барлық жүгінген тұрғындар Жұмысшы кентіне қызмет көрсететін полицейлерге сенімдерін білдірді. Любовь Яковенко Пугачев көшесінде бейне бақылау камераларын орнату мүмкіндігін қарастыру өтінішімен жүгінді және учаскелік полиция инспекторларына алғысын білдірді. Әйелдің сөзіне қарағанда, үлкен ұлы ащы суға әуес болған, сондықтан оған полиция пунктіне бірнеше рет жүгінуге тура келген екен. Қала тұрғынының айтуынша, учаскелік инспекторлар мәселесіне әрдайым түсіністікпен қарап, жұмыстарын жылдам, тиянақты орындаған. Любовь Анатольевна учаскелік полиция инспекторларының сервистік жұмысы тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, жақсарғанын атап өтті және ары қарай дамуды, қиын қызметте сәттілік тіледі.

№5 УПП-де азаматтарды қабылдау аяқталғаннан кейін СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев Островский көшесіндегі учаскенің жарықтандырылуымен танысты және қалалық Полиция басқармасы басшылығына қалалық әкімдікпен бірлесе, қала тұрғындарының қауіпсіздігіне жағдай жасауды тапсырды.

Пандемияға байланысты орнатылған шектеу шараларына қарамастан, азаматтарды қабылдау СҚО ПД ерекше бақылауында: жыл басынан Марат Төлебаев 37 азаматтарды қабылдауды өткізді, 125 адам қабылданған, оның 66-сы онлайн режимде тыңдалды. Сондай-ақ, облыстық полиция басшысы ПД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның мүшелерімен бірлесе, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтарды қабылдады, қабылдауға бес адам жүгінді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру