Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полиция музейінің қызметкерлері онлайн-экскурсияға шақырады

Солтүстік Қазақстан облысы полиция музейінің қызметкерлері онлайн-экскурсияға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық музей күніне орай Қазақстан полицияларының үздік музейлерінің біріне онлайн-экскурсия жасалды. Жалпыадами мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтаушылардың кәсіби мерекесі 1977 жылы бекітілген. Бұрындары бұл күні музейдің есігі барлық келемін деушілерге ашық болып, экскурсиялар іңірге дейін жүргізілетін. Мерекенің дәстүрлі форматын карантиндік шектеулерге қатысты өзгертуге тура келді. Іс-шара әлеуметтік желіге көшірілді, енді жаңа “Музейдегі түн” кез келген желі қолданушысына қолжетімді.

– Полиция қызметкерлерін аға буынның еңбек және жауынгерлік дәстүрінде тәрбиелеу – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – дейді СҚО ПД музейінің меңгерушісі отставкадағы милиция подполковнигі Любовь Осинская. – Екінші бір ауқымды мақсатымыз – өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Сондықтан қонақтарға айқара есік ашатын күнді тағатсыздана күтудеміз, әзірше біздің музей экспозицияларымен онлай-режимінде танысуға шақырамыз.

Музей қызметшілері жаңа форматтағы жұмыс түрлерін меңгеріп алған. Әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде экскурсиялар жазбаларын, “Тарих сыр шертеді” айдарында жарияланымдарды көруге болады; “Бір жәдігердің тарихы” атты қызықты цикл түсірілуде. Музей қоры үнемі толықтырылып тұрады. Мәселен, өткен жылы “Өз маманының үздігі” байқауында Қызылжар ауданы полиция бөлімінің аға анықтаушысы полиция майоры Күлмира Жармұқанова жеңіске жетті. Енді оның жетістіктері де музей төрінен орын алды. Музей экспозициясын жаңартуға тағы бір себеп – СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевқа полиция генерал-майоры арнаулы атағының берілуі. Солтүстікқазақстандық ІІО-да Марат Төлебаев Иван Гребень, Михаил Баранов және Николай Кильмашкиннен кейінгі қызмет атқару кезінде бұл атаққа ие болған төртінші бастық.
Экскурсия СҚО ПД Мәдени орталығының вокалдық тобы әзірлеген концерттік нөмірлермен сүйемелденді. Экскурсияның толық нұсқасын әлеуметтік желілердегі солтүстікқазақстан полициясының аккаунттарынан тамашалауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру