«Субсидия алып беремін»: Aлаяқ тұрғындарды алдап кетті
Түркістан облысында полицейлер ауыл тұрғындарына «субсидия алып беремін» деп алдап кеткен алаяқ ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ кезекші бөліміне бірнеше аудан тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болғандары туралы арызданды. Жәбірленушілердің бірі хабарлағандай, бейтаныс ер адам сыйақы үшін оларға мемлекеттік субсидия алуға көмектесуге уәде берген. Ауыл тұрғыны алаяққа 130 мың теңге берген бойда, ізін жасырып үлгерген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, бірден күдіктіні іздеуге кірісті.
Қылмысты ашу мақсатында аудандық полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай АПБ қызметкерлері күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Ол көршілес тұрған Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында жігіттің алаяқтық әрекеттердің тағы төрт жайтына қатысы бар екендігі анықталды.
Әр ауыл тұрғынынан күдікті алаяқтық жолмен 30 мың теңгеден алып кеткен. Күдікті мойындағандай, ол түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 250 мың теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта.
Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болып, бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеу қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, әр түрлі алаяқтардың қулықтарына түсіп қалмас үшін белгісіз адамдармен жеке мәліметтерді бөліспеу керек. Егер сіз алаяқтықтың және өзге де қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.