Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы орталық базар – күн сайын мыңдаған адам ағылатын орын. Мұнда қала тұрғындары мен шалғай елді мекендерден келген азаматтар сауда-саттықпен айналысып жатқан сәтте, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек етуде.
Адам көп шоғырланатын мұндай орындарда соңғы жылдары кеңінен тараған цифрлық қылмыстардың, әсіресе интернет-алаяқтықтың алдын алу ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыс тек құқықбұзушылықтарды ашумен шектелмей, жүйелі профилактикалық шаралар арқылы жүзеге асырылып келеді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қызмет кәсіби біліктілікпен қатар, төзімділік пен жоғары жауапкершілікті талап етеді.
— Талдықорған қаласының орталық базарында жүргізілген ауқымды профилактикалық іс-шара барысында мыңнан астам азаматқа интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір профилактика — қауіпсіздік кепілі, ал ақпараттандыру — қорғаныстың негізі. Таратылған мыңдаған жадынама — мыңдаған азаматтың қауіпсіздігіне қосылған үлес. Бұл бағыттағы жұмыс әрбір тұрғынға жеткенше жалғасады. Басты мақсат — азаматтардың жеке деректері мен қаржысын қорғау, - дейді тәртіп сақшылары.
Аталған жұмыстардың астарында күнделікті жүйелі қызмет жатыр. Мұнда тек ашылған қылмыстар ғана емес, олардың алдын алу да басты назарда. Әрбір түсіндіру жұмысы мен таратылған жадынама — азаматтарды қаржылық шығыннан қорғаудың нақты тетігі.
Полиция қызметі — тек әрекет ету емес, сонымен қатар алдын алу. Осындай профилактикалық іс-шаралар арқылы оның қоғам үшін маңызы айқындала түседі.
