Талдықорғанда полиция жеке кәсіпкерлер мен ойын-сауық орындарының иелерімен кездесті
Талдықорғанда полиция жеке кәсіпкерлер мен ойын-сауық орындарының иелерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері жеке кәсіпкерлермен және ойын-сауық орындарының иелерімен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін бірлесіп талқылау, сондай-ақ құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда тиімді өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыру.
Полиция жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстар оң нәтижесін беруде. Дегенмен ойын-сауық орындары жанжалдар мен қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алуға ерекше назар аударуды қажет ететін нысандардың бірі болып қала береді. Жыл басынан бері полицияға осындай нысандарға қатысты құқық бұзушылықтар туралы 114 хабарлама келіп түсті. Оның 16-сында қылмыс белгілері анықталған.
Сондықтан демалыс орындарындағы қауіпсіздік бірлескен күш-жігермен қамтамасыз етілуі тиіс. Полиция келіп түскен хабарламалар мен туындаған қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге дайын. Алайда ол үшін мекеме иелері мен қызметкерлері кез келген күдікті жағдайлар мен құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауы маңызды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ұсынылды. Құжат өзара іс-қимылды нығайтуға, мекеме иелерінің жауапкершілігін арттыруға және азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Күзетті ұйымдастыруға, бейнебақылау жүйелерінің жарамдылығына, заңнама талаптарын сақтауға және жанжалдардың алдын алуға ерекше назар аударылды.
– Біздің міндетіміз – оқиғаның орын алуын күтпей, оның алдын алу. Ол үшін тұрақты өзара іс-қимыл қажет. Полиция ақпаратты дер кезінде алған жағдайда жедел әрекет етіп, қажетті шараларды қабылдай алады. Келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі – ортақ басымдық, – деп атап өтті полиция өкілдері.
Қауіпсіздік оқиға орын алған сәттен емес, одан әлдеқайда бұрын – жауапкершіліктен, қырағылықтан және бірлесіп әрекет етуге дайындықтан басталады. Полиция өз тарапынан жедел әрекет ету мен профилактикалық жұмысты қамтамасыз етсе, кәсіпкерлер өз нысандарындағы тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты.
Осындай өзара іс-қимыл болғанда ғана демалыс орындары азаматтар уақытын алаңсыз өткізе алатын, ал қажет болған жағдайда көмек дер кезінде көрсетілетін қауіпсіз ортаға айналады.
