Талдықорғанда қызметкерлерге киберқауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Талдықорған қаласында киберполиция қызметкерлері жер комитетінің мамандарына интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында азаматтардың жеке деректері мен қаржысын қорғау, күдікті қоңыраулар мен хабарламалардан сақтану жолдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда кез келген адам интернет-алаяқтардың нысанасына айналуы мүмкін. Қаскөйлер телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі онлайн-сервистер арқылы жасалатын алаяқтық схемаларын үнемі жетілдіріп келеді. Сондықтан цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін білу күнделікті өмірдің маңызды дағдысына айналды.

Киберсауаттылық деңгейін арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында киберполиция қызметкерлері Талдықорған қаласының жер комитеті қызметкерлеріне профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесу барысында полицейлер алаяқтықтың кең таралған түрлері, азаматтарды алдау тәсілдері және жеке деректер мен қаржылық қаражатты қорғау жолдары туралы түсіндірді. Әсіресе күдікті қоңыраулар мен хабарламаларға сыни тұрғыдан қарау, бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және интернет-банкингке кіруге арналған құпия мәліметтерді бермеу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында киберполиция қызметкерлері интернетте қауіпсіз әрекет етуге арналған практикалық ұсынымдар қамтылған ақпараттық брошюралар таратты.
Киберқауіпсіздік саласындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — азаматтардың қырағылығын арттырып, алаяқтық схемаларды дер кезінде танып, олардың құрбаны болмауға ықпал ету.
Есте сақтаңыз: сіздің сақтығыңыз — интернет-алаяқтарға қарсы алғашқы әрі ең сенімді қорғаныс.
