Тәлімгер тәжірибесі – жас қызметкерге бағыт
БҚО Бөрлі ауданында ардагерлер, тәлімгерлер, жас полиция қызметкерлері және олардың ата-аналары, сондай-ақ "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілерінің қатысуымен "Ұрпақтар сабақтастығы – адал қызмет айнасы" тақырыбында тағылымды форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО ПД бастығының орынбасары Сағын Қадыржан өз сөзінде жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуындағы тәлімгердің рөліне тоқталды. Тәлімгердің дұрыс бағыт-бағдары мен тәжірибесінің арқасында жас тергеушінің ауыр қылмысты ашқанын атап өтті. Сондай-ақ "Жас сақшы" сыныптарына көрсетілетін қолдау мен алдағы уақытта бұл бағытқа берілетін басымдықтарды айтып өтті.
Іс-шарада жас ұрпаққа полиция қызметінің мәні мен жауапкершілігі түсіндіріліп, аға буынның өнегесі мен тәлімгерлердің тәжірибесі дәріптелді. "Жас сақшы" қозғалысына ерекше көңіл бөлініп, жасөспірімдердің құқық қорғау саласына қызығушылығын арттыру, патриоттық тәрбиесін күшейту және болашақ мамандыққа бағыт беру мәселелері қамтылды.
Форум аясында ата-аналарға, ардагерлер мен тәлімгерлерге алғыс хаттар табысталып, ұрпақтар сабақтастығының жас буынды адалдыққа, тәртіпке және елге қызмет етуге тәрбиелеудегі маңызы атап өтілді.
