Талып қалған қарт анаға көмек көрсеткен полицейдің бейнесі желіде таралды
Талдықорғанда полицей 80 жастағы әйелге дер кезінде көмек көрсетті,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Инстаграммда тәртіп сақшысының көшеде келе жатқан қарт ананың талып қалған жерінен тез арада көмек көрсеткені туралы оқырмандардың жақсы пікірілерін тудырған видео назарға ілінді.
Анықталғандай, 26 ақпанда Абай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында Талдықорған қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының инспекторы полиция кіші лейтенанты Абылай Саматұлы қызмет атқару барысында жерге бетімен құлаған әйелді байқап, дереу қасына жетті. Кейуананы көтеріп алып, көліктің ішіне отырғызған, жедел жәрдемнің келуіне дейін оған бірінші медициналық көмек көрсеткен: жәбірленушінің тыныс алу жолдарын тез арада босатып, дымқыл майлықпен бетін сүртті, барлық қажетті шұғыл медициналық шаралар қолданды, осылайша, жәбірленуші әйел өз-өзіне келіп, есін жиды. Орынға жеткен жедел жәрдем қызметкерлері сақшының кәсіби шеберлікпен көрсетілген дәрігерлік көмегіне риза болып, алғыстарын айтты. Жәбірленуші азаматша медициналық мекемеге жеткізілді.