Тараз қаласының түзеу мекемесінде Абай күні аталып өтті
Тараз қаласының түзеу мекемесінде Абай күні аталып өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда Абай күніне орай жазасын өтеушілер арасында шығармашылық кеш өтті. Өткен шара аясында сотталған азаматтар ұлтымыздың ұлы ақынының шығармаларынан үзінді жаттап, қара сөздерін жатқа оқып, өзара бәсекеге түсті.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ЖД-158/7 мекемесінде ұйымдастырылған іс-шарада қатысушылар ойшыл тұлғаның туындыларынан терең телім алу, рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстанып, аманатына адал болу шалыс қадам басқандар үшін түзелу жолына түсуде маңызды рөлге ие екенін тілге тиек етті.
– Ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы қашанда үлгі. Әсіресе, сүрініп тағдыры бүлініп жүрген сотталғандарға Абай мұрасының берері мол. Жазасын өтеушілер арасында өткен шығармашылық кеште олар өз шеберлігін шыңдап қана қоймай, қателігінен сабақ алып, түзелу жолына түседі дегенге сенім мол. Абай рухын ұлықтау шаралары бұдан әрі қарайда өз жалғасын табады, – дейді мекеме бастығы Олег Родякин.