Тараз тұрғыны өз үйінде марихуана сақтаған
25 жастағы Тараз тұрғыны өз үйінде марихуана сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегін анықтады.
Осы қылмысты жасады деген күдікпен Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісі бар өсімдік тектес заттар табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана есірткісі болып шықты. Оның жалпы салмағы – 4,9 келі.
– Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады, – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.