Таразда пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды
Таразда пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласы әкімдігінде қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жүргізді.
Отырыста 2026 жылдың II тоқсанында Тараз қаласы бойынша №1, №2 және №3 пробация қызметтерінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Күн тәртібінде пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кірігуіне жағдай жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар белгіленген квота шеңберінде жұмысқа орналастыру, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға тарту, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шаралардың нәтижелері қаралды.
Жиын барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне қажетті жағдай жасау, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету және қайта құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша азаматтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге қатысты тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
