Текеліде қоқыс орнынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды
Текеліде қоқыс орнынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полицейлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында Текелі қаласындағы тұрмыстық қалдықтар жиналған қоқыс орнында атыс қаруы мен оқ-дәрілер сақталған орын табылды.
– Жасырын орында қарудың бүкіл арсеналы болды. Екі тегіс ұңғылы шолақ мылтық, «Olimpic» револьвері, газ тапаншасы, түрлі калибрлі 50-ден астам патрон, оптикалық көздеуіш және аңшылық фонарь табылды, – деді Текелі қаласы полиция бөлімінің бастығы Мәулен Қасымжан.
Қару-жарақ тәркіленіп, аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлімінде (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) көзделген қылмыстық іс қозғалды.
Оптикалық көздеуіш және жорықтық фонарь 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласының аңшылық дүкендерінің бірінде ұрланғаны анықталды.
Заңсыз сақталған қаруды, сондай-ақ оған негізгі (құрамдас) бөліктерін өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекеттерінде басқа құқық бұзушылық құрамы болмаса, жауапкершіліктен босатылатынын естеріңізге саламыз.