Теміртауда қоқыс тастаған жасөспірімдердің әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Теміртауда бейнебақылау камералары тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге тастаған жасөспірімдерді тіркеді. Оқиғаға қатысты полиция олардың әкесін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында бір топ жасөспірімнің әкесімен бірге оның жеңіл автокөлігімен қоқыс алаңына келгенін анықтады. Олар тұрмыстық қалдық салынған бірнеше қапты контейнерлерге жеткізбей, белгіленбеген жерге тастап кеткен.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды жедел анықтады. Қоқыс тастаған балалардың әкесі жауапқа тартылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ата-ана балаларының мінез-құлқына тиісті бақылау жасамағаны және санитариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Полиция азаматтарды тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қалдықтарды тек белгіленген орындарға тастауға шақырады. Балалардың әрекетіне ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды.
