Теміржол вокзалында ұсақ бұзақылық жасаған азамат қамауға алынды
Аманқарағай теміржол вокзалында ұсақ бұзақылық жасаған астаналық азамат 15 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай станциясындағы желілік полиция бөліміне Аманқарағай станциясының теміржол вокзалында белгісіз ер адам өрт қалқанынан темір сүйменді алып, вокзал ішінде жүріп, балағат сөздер айтып, аталған сүйменмен қабырғаны ұрмақ болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында көлік полицейлері масаң күйінде болған Астана қаласының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 3-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін Әулиекөл аудандық сотына жіберілді.
Айта кету керек, ер адам бұған дейін жоғарыда аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған болатын. Сот шешімімен оған қатысты 15 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде жаза қолдану туралы қаулы шығарылды.