Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-дағы әйелдер колониясында ашық есік күні өтті

СҚО бойынша ҚАЖД-ның №50 мекемесінде алғаш рет 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сотталғандардың туыстары мен балалары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі уақытта №50 мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Іс-шараға мекемедегі 40 сотталғанның 120-ға жуық туысы келді. Мекеме аумағымен және сотталғандарды ұстау шарттарымен танысқысы келетіндер үшін тұрғын аймақ бойынша экскурсия өткізілді. Іс-шараның кішкентай қонақтары үшін алтыбақан, аквагримі бар аймақ және ішінде ойын алаңы орналасқан киіз үй орнатылды. Сотталғандар пицца дайындау бойынша шеберлік сыныбына қатысқан жас аспаздарға арнайы алжапқыштар мен қалпақтарды өз қолдарымен тігіп берді. Дәстүр бойынша барлық келушілер туыстарымен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт және ойын-сауық бағдарламасын тамашалады.

Жазасын өтеп жатқан әйелдердің бірі үшін бүгінгі күн ерекше болды. К. есімді сотталғанның туыстары кездесу үшін ғана емес, сондай-ақ оны туған күнімен құттықтауға келді.

– Бүгін маған үлкен отбасым келді. Олар әрдайым менімен хабарласып, кездесіп тұруға тырысады. Туған күнімде отбасымның жанымда болатынына өте қуаныштымын. Балалар үшін біз қызық және көңілді бағдарлама дайындадық. Бәріміз осы күнге өте мұқият дайындалып, ақыры жақындарымызбен кездестік. Мекеме әкімшілігіне және бүгін бізге келгендердің барлығына алғыс айтамын, – деді сотталған.

Іс-шара соңында сотталғандардың туыстары мекемеге келуге және жақындарымен уақыт өткізуге мүмкіндік бергені үшін қызметкерлер мен әкімшілікке шын жүректен алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру