Теміржолдағы қауіпсіздік: көлік полициясы алдын алу жұмыстарын күшейтті
Көлік полицейлері азаматтарды теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері теміржолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 22 376 азаматты жауапқа тартты. Мұндай құқық бұзушылықтар теміржол көлігі нысандарындағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көлік полицейлері теміржол ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, халық арасында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, азаматтардың жарақат алу жағдайлары әлі де тіркелуде.
Оқиғалардың негізгі себептері қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу, теміржолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өту, сондай-ақ аса қауіпті аймақта мас күйінде жүру.
Тек өткен демалыс күндері Алматы, Түркістан, Қарағанды-Сұрыптау және Тараз станцияларында төрт қауіпті оқиға тіркелді. Барлық жағдайда азаматтар теміржолдарды арнайы белгіленген өткелдерден тыс жерлермен кесіп өткен. Құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Жазғы демалыстың басталуына байланысты көліктегі полиция департаменті ата-аналар мен балаларды теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Балаларды теміржолдардың маңында қараусыз қалдыруға болмайды. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді.
