Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Түнгі қаладағы балалар»: балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін орындамаған 22 ата-ана жауапқа тартылды

«Түнгі қаладағы балалар» шарасы аясында 1 198 объект тексеріліп, 469 хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлерімен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында төрт күн қатарынан Түркістан облысында «Түнгі қаладағы балалар» алдын-алу іс-шарасы өткізілді. Аталмыш алдын-алу шарасының төрт күнінде полицейлер 1198 объектіні тексерді.

Нәтижесінде кәмелетке толмағандар саласына қатысты 469 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 22 ата-ана (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүргені үшін 33 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі бойынша 373 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен) анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген 16 ойын-сауық орындарының иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама түзіліп, жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар дүкендер мен сауда орындары, ойын-сауық нысандары тиянақты тексерілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 12 адам анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) және 21 жасқа толмаған адамға темекі өнімін сатқаны үшін сегіз адамға ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы (Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату) бойынша әкімшілік шара көрілді.

Түнгі тексерулер кезінде бұдан бөлек ұсақ қылмысқа барған жас буын өкілдері де анықталды. Яғни кәмелетке толмаған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес жасөспірім ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Оған қатысты жастарға жұмыс берген нысандар да жіті тексерілді. Оның аясында балалардың еңбегін пайдалану бойынша 75 дерек тіркелді. Яғни осы жұмыс орындары бойынша еңбек шарттары түзілмеген мекеме иелеріне қатысты әкімшілік шара көру үшін, полицейлермен тиісті іс-құжаттар жинақталып, Еңбек инспекциясына жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру