Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғын үйден велосипед ұрлаған жігіт қамалды

Түркістан облысында полицейлер үш дана велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын “Stels Navigator” маркалы велосипедінің ұрлағаны жөнінде арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта тұрғын үйінің ауласына белгісіз біреу заңсыз кіріп, аулада тұрған 47 мың теңгелік велосипедін жымқырып кеткен. Одан бөлек, арадан екі-үш күн өткенде тағы екі тұрғын шағымданып, аулаларында тұрған велосипедтерін ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 150 мык теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, бірден іске кіріседі.

Хабар алысымен оқиға орындарына жеткен полицейлер, үш бірдей велосипед ұрлаған ұрыны табу жұмыстарын атқарады. Тәртіп сақшылары ұрлық болған және оған жақын аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексереді. Осылайша тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ер адамды көшеде жүрген жерінен анықтап, ұстады. Ол бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Жетісай АПБ-не жеткізілген ер адам өзінің кінәсін толық мойындады.

Белгілі болғандай, күдікті бұрын ұрлық жасап сотты болғанына қарамастан, қайта қылмыс жасаған. Яғни жеңіл жолмен пайда табу мақсатында, Жетісай қаласының үш тұрғынының ауласына кіріп, білдіртпей велосипедтерді ұрлап кеткен. Содан оларды арзан бағаға сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Полицейлер күдікті жігіт сатып жіберген велосипедтерді тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мүліктеріңіздің сақталуы үшін мұқият болу керектігін ескертеді. Қылмыстық шабуылдардың алдын алуға көмектесетін бірнеше ережелерді біле жүріңіздер:

– велосипедтерді кіреберістерде және басқа да ортақ орындарда, дүкендер жанында, саябақта және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде қараусыз қалдырмаңыз;
– егер велосипедіңізді қалдыруға тура келген жағдайда, аз уақыт болса да құлыптау құрылғысының сенімділігіне көз жеткізіңіз;
– мүмкіндігінше велосипедті бейнебақылау жанына қойыңыз, бұл ұрлық жағдайында ұрыларды тез табуға көмектеседі.

Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияға “102” телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру