Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындарды 11 миллион қарызға батырған алаяқ әйел ұсталды

Түркістан қаласында тұрғындарды 11 миллион теңгеге қарызға батырған алаяқтыққа күдікті әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың наурыз айының ортасында Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келеді. Ол өз арызында белгісіз азаматшаның бір миллион теңгеге несие алып беруге көндіріп, ақыр соңында бірнеше айдан соң төлемей қашып кеткендігін айтады. Ақшаны алып, қарызға батырып кеткен күдіктінің әрекетінен сан соғып қалған тұрғын бірден полицияның көмегіне жүгінді.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, бірнеше күннен соң қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді анықтап, құрықтайды. Ол осы қаланың тұрғыны болып шықты.Тергеу барысында белгілі болғандай күдікті әйелдің арызданған азаматшадан бөлек Түркістан қаласының тағы да сегіз тұрғынын алдап, жалпы көлемі 11 миллионға жуық теңгені иемденгені белгілі болды. Аталған жайттардың барлығы тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Күдікті әйел бүгінде қамауға алынды.

Қалалық полиция басқармасының полицейлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігін айтып жатыр.Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселеге заң жүзінде қарауды айтады. Егер де осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, полицияның шұғыл нөмірі “102-ге” хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру