Туристік полиция – ел беделінің айнасы
Астана қаласы полиция департаментінің туристік полиция қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрген Бағлан Жанаев қызметтегі жолы жайында баяндайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің туристік полиция қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрген Бағлан Жанаев – өз ісіне шынайы берілген, жоғары кәсібилігімен, жан-жақтылығымен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін жас офицерлердің бірі.
Ішкі істер органдары қатарына 2024 жылы қабылданғанына қарамастан, Бағлан Бақытжанұлы қысқа уақыт ішінде өзінің жауапкершілігі, қызметіне деген адалдығы және мінсіз тәртібі арқылы әріптестері мен басшылықтың құрметіне ие болды. Ол полиция қызметкеріне тән батылдықты, парасаттылықты және халыққа деген жанашырлықты күн сайынғы қызметінде айқын көрсетіп келеді.
Бағланның ең басты артықшылықтарының бірі – оның көптілділігі. Қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және араб тілдерін еркін меңгерген ол шетелден келген қонақтармен еш кедергісіз тілдесіп, олардың мәселелерін шешуге әрдайым дайын тұрады. Туристерге бағыт-бағдар беру, құқықтық көмек көрсету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында оның кәсіби білімі мен мәдениетті қарым-қатынасы көптеген шетел азаматтарының ризашылығына бөленуде. Осындай қызметкерлердің арқасында Қазақстанның халықаралық беделі артып, еліміздің қонақжай әрі қауіпсіз мемлекет ретіндегі имиджі нығая түсуде.
Тәртіп сақшысы тек білікті полицей ғана емес, сонымен қатар жан-жақты дамыған тұлға. Ол салауатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Бокспен айналысып, ерік-жігерін шыңдаған, бүгінде тұрақты түрде фитнес залға барып, физикалық дайындығын жоғары деңгейде ұстап келеді. Футболға деген ерекше қызығушылығы оның командалық рухын, көшбасшылық қасиеттерін және жеңіске деген ұмтылысын айқындайды.
Әріптестері Бағланды еңбекқорлығымен, тәртіптілігімен, жоғары мәдениетімен және кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын тұратын азаматтық ұстанымымен ерекше бағалайды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындап қана қоймай, полиция қызметкерінің абыройын асқақтатып жүрген жас офицерлердің алдыңғы қатарында.
Ол – қазіргі заманғы полиция қызметкерінің жарқын бейнесі. Білімділігі мен біліктілігін, күш-жігері мен табандылығын ел игілігі жолында жұмсап жүрген ол әріптестеріне сенімді серік және халықтың қорғаны болып табылады.
Осындай азаматтардың арқасында қоғамның полицияға деген сенімі артып, "Заң мен тәртіп" қағидатының нақты жүзеге асып жатқанын көруге болады. Бағланның қызмет жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсібилік пен патриотизмнің жарқын көрінісі.
