Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда ПД басшылығы пара армрестлинг спортшыларымен кездесті

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров "ARLAN" спорт клубында болып, тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған, пара армрестлингпен айналысатын спортшылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында департамент басшылығының өкілі спортшыларды алдағы кәсіби мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады. Ол спортшыларға өз күшіне сенімдерін жоғалтпай, жаңа белестерді бағындыруды, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатуды тіледі.

Сонымен қатар клубта футбол және спорттық гимнастикамен айналысатын жас тәрбиеленушілер де назардан тыс қалмады. Оларға мықты денсаулық, спорттағы табыс, мақсатқа жетудегі табандылық пен қайсарлық тілектері айтылды.

– Сіздердің қайсарлықтарыңыз, рухани беріктіктеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыз зор құрметке лайық. Сіздер күн сайын адамның өзіне деген сенімі мен алға қойған мақсатына деген адалдығы болса, алынбайтын асу болмайтынын дәлелдеп келесіздер. Әрбір жаттығу жаңа жетістіктерге жетелесін, ал жеңістеріңіз еліміздің мерейін үстем етсін, – деді Мадияр Омаров.

Мұндай кездесулер қамқорлық пен қолдаудың нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар спорттың адамдарды біріктіретін, жаңа жетістіктерге жігерлендіретін қуатты күш екенін айқын көрсетеді. Сондай-ақ бұл игі бастамалар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, олардың жан-жақты дамуына оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру