Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қызметкері көшеде адасып қалған екі жасар баланы ата-анасына табыстады
Сәбиін аман-есен тауып берген Түркістан қалық пробация қызметкеріне әйел алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық емханасының аумағында екі жасар бүлдіршін жалаң аяқ жылап жүрген жерінен табылған. Ата-анасынан көз жазып қалған баланы Түркістан қалалық пробация бөлімінің аға инспекторы Жасұлан Шарипов көтеріп алып, бүлдіршінді жұбатып, оның әке-шешесін іздейді.
Тәртіп сақшысы баламен тілдеспек болған, бірақ, ол әлі сөйлей алмайды екен. Аға инспектор бүлдіршіннің ата-анасын іздестіру мақсатында баланы көтеріп алып, қалалық емхана маңынан өтіп бара жатқан адамдар мен автотұрақта тұрған көлік жүргізушілерінен сұраған. Алайда, баланың ата-анасы табылмаған. Бірақ, баланы ешкім іздеп келмеген. Осылайша бала пробация қызметкерінің қасында 30 минуттан аса уақыт болады. Тек содан кейін ғана көліктен жалаң аяқ шығып кеткен баласын іздеп анасы келген. Өз кезегінде, аға лейтенанттың әрекетіне риза болған баланың анасы Жасұлан Батырханұлына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
– Түркістан қалалық емханасына дәрігерге көрінуге келген едік. Балам көлікте артқы орындықта ұйықтап жатқан еді. Оны оятпай, туыс атасының қасына қалдырған болатынбыз. Атасы көліктен түсіп, танысымен сөйлесіп тұрып, баланың шығып кеткенін байқамай да қалыпты. Ұйқыдан оянған балам бізді іздеп, көше бойын жағалап кете берген. Көлікте ұйықтап жатқан сәбиімді таппай қалған кезде, қатты қорқып кеттім. Екі көзге ерік беріп, баламның атын айтып айқайлай беріппін. Ең бастысы, балапаным аман-сау табылды. Пробация қызметкері кішкентайыма қорған болғанына үлкен ризашылығымды білдіремін. Адасып, жылап жүреген балама бей-жай қарамай, қолымызға табыстағаны үшін алғысым шексіз. Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анаңыз бен Түркістан облысы ҚАЖ департаментінің басшысына рахметімді айтамын, – деді бүлдіршіннің анасы.
Аталған оқиға үстіміздегі жылдың 18 мамыр күні орын алған еді. Баланы көтеріп алып, жақын маңдағы барлық көшелер мен автотұрақта тұрған көлік иелерінен, өтіп бара жатқан адамдардан баласын жоғалтқандар жоқ па екенін сұрастырған. Сол уақытта баласын іздеп, анасы келген. Белгілі болғандай, анасы емханаға дәрігерге қаралуға кеткен екен.
– Бүлдіршінің атын, ата-анасының қайда тұратынын сұрағаныммен, мардымды жауап ала алмады. Тілі енді ғана шығып келе жатқан сәби өзінің есімін де айта алмады. Баланың ата-анасы емханаға келген болар деген оймен осы аумаққа келген едім. Көліктен шығып кеткен анасы баласын өз бетінше іздеп жүрген жерінен кезіктірдім. Бүлдіршінді анасына табыстағанда, ана мен баланың махаббатын көріп жүрегім елжіреп кетті. Бұл біздің міндетіміз. Халыққа қызмет ету біздің – ең басты парызымыз, – деді Түркістан қалалық пробация бөлімінің аға инспекторы Жасұлан Шарипов.
– Ішкі істер саласында қызмет етуді ер баланың басым бөлігі армандап өседі ғой. Мен де кішкене кезімнен құқық қорғау органында қызмет етуді армандаған едім. Сол мақсатыма жеттім. Бүгінде Түркістан қалалық пробация есебінде тұратын қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға сотталғандардың мінез-құлқын түзетуге оны әлеуметке қосу, босатылған адамды әлеуметке бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында еңбек етудемін, – дейді әңгіме барысында Жасұлан.
Өмірдің мәні адал әрі адамгершілікті болу деп білетін кейіпкеріміз бүгінде пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп келеді. Олардың әрқайсысына жеке бағдарлама жасап, олардың жұмысқа орналасуына, медициналық көмек немесе білім алуына да үлес қосуда. Осылайша, темір тордан босап шыққан адамның әрі қарай қоғамға бейімделіп, өмірден өз орнын табуына септігін тигізуде.