Түркістан облысында 292 армениялық көлік тіркелді
Түркістан облысының аудандарында Армениядан әкелінген көліктердің тіркелуі 1 қыркүйекте аяқталады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында Армения көліктерін тіркеу жаз мезгілінің бірінші айынан бері жүргізіліп жатқан болатын. Яғни Үкімет қаулысына сәйкес 2020 жылдың 1 маусымынан бастап ҚР азаматтарына Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта
орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталған.
Түркістан облысы Полиция департаменті Сайрам аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шетелден әкелінген көліктері бар тұрғындарға түсіндірмелер жасап, белгілі мерзім ішінде рәсімдеп үлгеруге бағыттаған болатын.
Бүгінгі таңда Сайрам аудандық полиция қызметкерлерінің айтуынша, аудандағы 10-ға жуық автокөліктің барлығы түгелімен тіркелген. Аталмыш ауданда тікелмеген басқа да армениялық көліктер жоқ. Сондықтан полицейлер сары нөмір алып, көлік тіркеген жүргізушілердің алдағы уақытта жол қауіпсіздік ережелерін бұзу жайттары азаятынына сенім білдірді.
Жалпы облыс көлеміндегі жол қауіпсіздік ережелерін Қазақстанның мемлекеттік нөмірлері бар көліктермен қатар, шет елдерден әкелінген көліктер де жиі бұзады. Өйткені олар елімізде тіркелмегендіктен, полицейлер ереже бұзған жүргізушілерді анықтауда бірқатар қиындықтарға кезігеді. Мұндай мәселелерді шешу жолдарының бірі, көлікке тіркеу рәсімін жасау.
Облыс полицейлерінде бар соңғы мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысы бойынша Армения Республикасынан алып келінген көліктердің басым бөлігі Түркістан қаласы 120 және Сарыағаш ауданында 98 автокөлік бар. Ал ең азы Отырар ауданында, бір ғана армениялық көлік әкелінген.
Тағы да айта кететін жайт, облыс көлемінде армениялық 531 көлік болса, олардың ішінде тіркеуге жататыны 330, ал бүгінгі күнге дейін тіркелгені 292, яғни қалған 38 көлік әлі де тіркелмеген.
Облыс полицейлері барша тұрғындарға ескертеді: армениялық көліктерді тіркеудің аяқталуына небары 10 күн қалды. Сондықтан осы мерзім ішінде өз мүмкіндігіңізді мүлт жібермеңіз. Көлігіңіз бен құжаттарыңызды алып, бірден мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. 38 армениялық автокөліктің иесін уақытты өткізіп алмай, дер кезінде тіркелуге
шақырамыз.