Түркістан облысында 38 мыңнан астам отбасы интернет-алаяқтықтан сақтану туралы ескертілді
Түркістан облысында 38 мыңнан астам отбасы интернет-алаяқтықтан сақтану туралы ескертілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері полицейлер 38 229 тұрғынүйді аралап, азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең таралған және жаңа тәсілдері, сондай-ақ олардан қорғану жолдары түсіндірілді. Бұдан бөлек, 50 460 тұрғынға жеке профилактикалық ескерту жұмыстары жүргізілді.
Ақпараттық-түсіндіру шаралары білім беру және медицина салаларын да қамтыды. Арнайы онлайн тестілеу арқылы 56 563 студенттің, 218 463 оқушының, 86 244 мұғалімнің және 23 563 медицина қызметкерінің интернет-алаяқтыққа қатысты білімі тексерілді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында 710 профилактикалық кездесу өткізілді.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілермен қатар, облыстағы 75 LED-экран мен 90 билбордта ескерту материалдары тұрақты түрде орналастырылуда.
Полиция азаматтарды қырағылық танытып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Атап айтқанда, бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеу, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажет.

