Түркістан облысында алаяқ әйел 3,5 жылға сотталды
Түркістан облысында алаяқ әйел 3,5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Олардың айтуынша, алаяқ әйел WhatsApp желісінде чат ашып, ондағы қосылған адамдарға ақша салған жағдайда бір апта ішінде 50 пайызға көбейтіп бере алатынын айтқан. Ал оған сенім білдірген бірнеше тұрғын түрлі көлемде ақша салып, соңында алданғандарын түсінген.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Хабар алысымен сарыағаштық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алған күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлер алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған жұмыссыз, орта жастағы келіншек екені анықталды.
Күдікті әйел бұған дейін де алаяқтық жасап, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтеп жүргені белгілі болды. Ол өзіне сенген тұрғындармен тілдесіп, 10 жәбірленушіден жалпы 5 млн теңгеге жуық ақша алып, бас пайдасына жаратып жіберген.
Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде сот 25 жастағы күдікті әйелді кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.