Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ауласына көкнәр еккен егде жастағы әйел анықталды

Түркістан облысында ауласына көкнәр еккен егде жастағы әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Келес ауданының тұрғындары тарапынан келіп түскен ұсыныс-пікір, сауалдарына назар аударды. Осы себепті облыстың бас полицейі Келес ауданында қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстардың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрды.

Аталған полицейлер шұғыл Келес ауданына іссапармен шықты. Полицейлер жан-жақты тексеру жүргізді. Нәтижесінде, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы аясында көкнәр есірткісін жойды.

Нақтырақ айтсақ, полицейлер Келес ауданында жергілікті тұрғынның бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысатынын анықтады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 300-бабымен (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) СДТБТ-ға тіркеді.

Осылайша тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдікті ретінде анықталған тұрғынның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді. Жедел уәкілдер егде жастағы әйелдің ауласын тінту кезінде өсіп тұрған қырыққабаттың жанына егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде күдіктіден 900-ге жуық түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жіберді.

Сараптама қорытындысы бойынша алынған түптердің жетеуі көкнәр, ал қалғандары көкнәр өсімдігінің өскіндері болып шықты. Жергілікті тұрғынға қатысты заңсыз есірткі егіп-өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру