Түркістан облысында ауыл тұрғындарынан есірткі табылды
Түркістан облысында полицейлер қызметтік иттің көмегімен екі ауылдастың үйінен есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі қылмысының алдын алу, болдырмау бағытында күнделікті рейдтік-профилактикалық шараларды жүзеге асырады. Осындай кезекті тексеру кезінде тәртіп сақшылары өз үйінде есірткі сақтаған екі бірдей тұрғынды анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Ордабасы аудандық полиция бөлімінің криминалистері қызметтік иттің көмегімен ақпарат бойынша күдікті деп танылған тұрғынның үйіне тінту жүргізді. Нәтижесінде ер адамның үйінен 11 орынға жасырылған 11 есірткі орамасы табылды.
Зерттеуге ұсынылған зат жалпы салмағы 130 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты. Ал екінші тұрғынның үйіне жүргізілген тінту шаралары кезінде ер адамның үйіндегі диванының астынан заңмен тыйым салынған ішінде есірткіге ұқсас заты бар бір қағаз орамасы табылды. Ол да салмағы 19 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты.
Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) тіркеуге алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.