Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ауылдасының 1 тоннадан астам темірін ұрлаған жігіт қолға түсті

Түркістан облысында ауылдасының бір тоннадан астам темірін ұрлаған жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, ауласында тұрған “К 700” маркалы көлігінің бір тоннадан астам темір-терсегін белгісіз адам жымқырып кеткенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығымен тіркелді.

Сайрамдық сақшылар орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел іске кірісті. Яғни аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары мен жедел-тергеу тобы көрген-білгендерден жауап алды. Сондай-ақ аудандағы барлық темір қабылдайтын орындарды қарап шықты. Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде темір қабылдайтын орындардың бірінен ұрланған темірлер табылды. Темір сатып алушылардан алынған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті бұрыннан ауылдасының қоршалмаған ауласында тұрған ауыр темірлерді байқап жүреді. Содан арам ойын іске асыру үшін өзінің жеңіл көлігімен, үйде ешкім жоқ кезде келіп, темірлерді артып әкетеді. Ұрланған 1 тонна 255 келі темірді сатып алушыларға 155 мың теңгеге өткізген. Бүгінде ұрланған темірлер айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік шараларын іске асыратын болсаңыз, ұрылардың жолына тосқауыл қоясыздар. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру