Түркістан облысында бір күнде екі адамнан марихуана тәркіленді
Түркістан облысында бір күнде екі адамнан марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері “Құқықтық тәртіп“ іс-шарасы барысында тәулік ішінде екі жаяу жүргіншіден есірткі тапты. Күдікке ілінген тұрғын күндізгі сағат 13:30 шамасында Мақтаарал ауданы Атакент кенті көшелерінің бірінен тоқтатылды. Полиция қызметкерлері ер адамды тексеру барысында күртесінің сол жақ қалтасынан сіріңке қорабына жасырылған есірткіге ұқсас затты тапты.
Сонымен қатар, дәл осы күні сағат 15:15 шамасында Мақтаарал ауданы Мырзакент кенті көшелерінің бірінде жергілікті тұрғынның жүрісі күдік тудырған. Содан мақтааралдық полицейлер тексеру барысында орта жастағы азаматтың сырт киімінің оң жақ қалтасынан сіріңке қорабына салынған хош иісті затты анықтады.
Жаяу жүргіншілерден айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, күдіктінің бірінен тәркіленген заттың 4 грамға жуық болатын кептірілген марихуана екендігі анықталса, келесі күдіктіден алынған заттың жалпы салмағы 4,5 грамнан астам кептірілген марихуана екені белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті ер азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.