Түркістан облысында ерекше форматтағы тазалық сайысы өтті
Түркістан облысы Кентау қаласында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында ерекше форматтағы плоггинг тазалық сайысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала әкімдігі мен Кентау қалалық полиция бөлімі бірлесіп көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында тазалық сайысын өткізді.
Аталған сайысқа қала әкімі Ж.Тасов пен полиция қызметкері Б.Янкин және аула тұрғындары қатысты.
Бұл – жай ғана сенбілік емес, аула тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, жас ұрпақты табиғатты аялауға баулитын жарқын бастама болды.
Әр аула өз аумағын күл-қоқыстан тазартып, жабайы шөптерден арылтып, айналаны көркейтуге күш салды. Бұл игі іске балалар да белсене қатысты. "Бір қап қоқыс – бір балмұздақ" ұранымен олар өз еңбектерін ортаға салды.
Бұл тазалық жарысына негізінен аулада ойнап жүрген балалар жұмылдырылып, оларға қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың үлгісі көрсетілді.
Тазалық шарасы тек еңбекпен емес, көтеріңкі көңіл-күймен де ерекшеленді.
Белсенді қатысушылар естелік сыйлықтарға ие болып, арнайы балалар үшін арнайы тәтті сый — балмұздақтар таратылды.
Аула жастары мен ересек тұрғындар бұл бастаманың маңызын терең түсініп, қоршаған ортаны қорғау — әр азаматтың парызы екенін іспен дәлелдеді.
Мұндай шаралар Кентау қаласының өзге аумақтарында да жалғасын таппақ.