Түркістан облысында есептегі сотталғандармен психологиялық тренинг жүргізілді
Түркістан облысында есептегі сотталғандармен психологиялық тренинг жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран аудандық пробация қызметінің қызметкерлері аудандық емханамен бірлесіп, есептегі сотталғандармен психологиялық тренинг өткізді.
Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Сауран аудандық емханасының бас психологі Ақбота Ермаханова есептегі сотталғандарға ой салу үшін және жасаған қылмысты кайталамауына септiгiн тигiзу мақсатында өткізген кездесуі пайдалы болды. Аталмыш шараға пробация есебiндегі 43 сотталған қатысты.
Олармен әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағыттары бойынша әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ, есепте тұрған жастардың қоғамдық ортаға тез бейімделу жолдары да сөз болды. Тәрбиелік шараға қатысушылардың барлығы белсене араласып, көзқарастарымен ашық бөлісті.
– Пробация қызметінің есебінде тұратын азаматтар өз ойларын, ішкі жан дүниесін бізбен сөйлесу арқылы білдіріп отырады. Бұл азаматтармен тренинг өткізу, олардың өзіне деген сенімділігін, өмірге деген құштарлығын оятады. Жаза басып, жаңылғандарға сенім беріп, өмірге оң көзқарасын қалыптастыру – біздің міндетіміз. Бұл азаматтар тренингке қатысу арқылы позитивті ойлауды, өз-өздерін жоғары бағалауды, қарым-қатынастарын жақсартуды үйрене алады. Аталған тренингтің негізгі мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұратын азаматтарға береке-бірліктің арқасында көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды түсіндіру, – деді психолог Ақбота Ермаханова.
– Жүргізілген тәрбиелік жұмыстардың арқасында және осы тренингтен көп нәрсені үйрендім. Көкейімде жүрген сұрақтарымды да психолог маманына қойып, ұтымды жауап алдым. Біз бала кезімізден психолог маманына жүгінуді ұят санайтын едік. Керсінше, біз психолог маманнан кеңес алуымыз керек. Осы кездесуден кейін ойым өзгерді. Әрбір адамның өмірінде орын алған қиындықты жеңуіне психолог маманының көмегі тиетіне сенімдімін. Өзімнің жасаған қателегім үшін қатты қысыламын. Алдағы уақытта қылмысты қайта жасамау үшін өзімнің ой-өрісімді дамыту мақсатында психологиялық білімімді жетілдіремін деген ойдамын. Менің ең басты мақсатым – қоғамнан өз орнымды тауып, еліме адал қызмет ету, – деді пробация есебінде тұрған Берік.