Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзушылар азаяр емес

Карантин талаптарын сақтау іс-шарасы бойынша Арыс АПБ-нің қызметкерлері және Арыс қаласы әкімдігі бірлесіп бастаған арнайы мониторингтік топ кезекті рейд шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мобильдік топ мүшелері қаладағы тамақтану орындарында, сауда үйлерінде, азық-түлік дүкендерінде санитарлық талаптар мен маскалық режимінің сақталуын қадағалауда. Осы тұста карантин талаптарына немқұрайлы қарап, санитарлық нормаларды бұзған азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хаттама толтырылды.Қазіргі таңда Арыс ауданында карантин талабын орындамаған 372 азамат анықталған. Олардың басым көпшілігі белгіленген уақыттан кейін де жұмыс жасап тұрған дүкен мен ойынхана иелері. Мысалы, Арыс қаласы көшелерінің бірінде орналасқан ойынхана сағат 22:00-ден кейін жұмыс жасап жатқандығы белгілі болды. Ойынханаға келуші азаматтарда медициналық бетперде болмаған. Сонымен қатар індет өршіп тұрған уақытта жиын, той жасаушылар қатары да азаяр емес. Ашығын айтқанда, Арыс қаласындағы бірнеше тойханалардың карантин талаптарын бұзып, “Қыз ұзату”, “Беташар” сияқты той жасап, шектен тыс тұрғындарды жинағаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.

Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру