Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан 8 жүргізуші анықталды

Түркістан облысында көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан сегіз жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережелерінің сақталуы, жол-көлік апаттарының алдын алу бағытында соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылып, тиісті жұмыстар жасалуда.

Аталған бейнебақылау камералары Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Мұнда тәулік бойы қызметте отырған полицейлер орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауда үлкен септігін тигізіп келеді.

Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығының қызметкерлерімен осы жылдың үш айында Түркістан қаласында орнатылған бейнебақылау камералары арқылы жалған мемлекеттік нөмірді тағу бойынша сегіз дерек, мемлекеттік нөмірсіз жүру бойынша 15 дерек, күңгірттеу бойынша 12 дерек және іздеуде жүрген екі жеңіл автокөлік анықталып, ұсталды.

Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-ға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Мәселен, 7 наурызда Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, ол көлік жөндеу орнына Merсedes Benz-280 автокөлігін қалдырған. Алайда бірер күннен кейін келгенде, көлігі рұқсатсыз айдалып, онымен қоймай көлікке жол апатынан зақым келген. Аталған хабарлама бойынша түркістандық тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден шығып, мән-жайды анықтады.

Жедел-іздестіру шараларының барысында Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы аталған автокөлікті кім айдағаны анықталып, күдікті ретінде көлік жөндеу орталығының жұмысшыны анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, оның көлікті мас халде басқарып, жол апатына түскені белгілі болды.

Осы жағдайда жүргізуші көлікті мас халде басқарғаны бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) кінәлі деп танылып, жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Ал өзгенің көлігін рұқсатсыз мініп кеткені бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру