Түркістан облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші жолаушыларды тасымалдаған
Түркістан облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші жолаушыларды тасымалдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 ақпан мен 2 наурыз аралығында Түркістан облысы аумағында жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік тәртібін арттыруға бағытталған «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Аталған шара барысында Шардара ауданының полицейлері жолаушылар тасымалдайтын Рафик көлігін тоқтатып тексереді. Нәтижесінде, көлік жүргізушісінің 2017 жылы алкогольдік ішімдік ішіп, жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды.
Содан көлік жүргізушісін Шардара ауданының соты бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырған. Алайда азамат көлік жүргізу құқығынан айырылса да, жолаушылар тасымалдайтын көлікті қайта басқарған. Аталған жайтқа байланысты тәртіп сақшылары көлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 590-бабы 9-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырып, Шардара аудандық сотына жолдады.