Түркістан облысында көлік ішінен телефон ұрлаған күдікті ұсталды
Түркістан облысында көлік ішінен телефон ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, сағат 07:30 шамасында оның Opel Vectra автокөлігінен ұялы телефонын белгісіз біреу жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 350 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Бейнебақылау камераларын көрді. Нәтижесінде, осы қылмысты жасаған күдікті анықталды. Ол Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші Жетісайға жеке жұмыстарымен барған. Ол демалып алу үшін автокөлігін тоқтатып, ұйықтап жатқанда күдікті телефон жымқырып, оқиға орнынан бой тасалайды. Ол телефонды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.